Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос»




Скачать 494.42 Kb.
НазваниеКіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос»
страница2/5
Дата конвертации20.11.2012
Размер494.42 Kb.
ТипДокументы
1   2   3   4   5

Заттанған сындардың түрлері. Бұл тараушада жалпы тілтаным мен қазақ тілтанымындаға заттанған сындардың түрлеріне қатысты ғалымдар пікірі саралана отырып, заттанған сындардың түрлері жіктелді. Жалпы тіл біліміндегі заттанудың түрлеріне қатысты айтылған ғалымдар пікірін жинақтасақ, заттанған сөздерді заттану дәрежелеріне қарай бөлуде узуальды, толық, тілдік, тұрақты, толық емес, жартылай, контекстік заттанулар деген жіктемелік топтар кездеседі. Жұмыста бұлардың әрқайсысына сипаттама беріліп, қазақ тіліндегі заттанған сындардың түрлеріне қатысты ойлар сараланып, олар топтастырылып берілді. Қазақ тіліндегі заттанған сөздер заттану дәрежелеріне қарай толық заттанулар, уақытша заттанулар болып жіктелді де, олар ішкі мағыналық құрылымдарына қарай ұсақ мағыналық топтарға бөлінді.

Толық заттануларға сындық мағынасынан біржола айрылған, заттық мағыналары тілде орнығып, зат аталымы деңгейіне жеткен сөздер жатады.

Тілдегі толық заттанған сөздердің өзін заттану деңгейі жағынан, уәжділік белгілерінің бекуі тұрғысынан іштей мынадай үлгіде топтастыруға болады: 1) Алғашқы номинативтік мағынасына қатысы жоқ заттанулар: бала, қарт, шал, жігіт, мақұлық, малай, оттық, жансыз т.б. Бұл сөздердің алғашында сындық мәнде қолданылғандығы этимологиялық талдаулар арқылы анықталады. Бұлар алғашқы мағынасынан қол үзген, тілде сындық мағынада кездеспейді, сөздіктерде зат аталымы ретінде танылған. 2) Алғашқы мағыналары солғындаған, бірақ одан толық қол үзіп кетпеген заттанулар: ұры (адам), тұтқын (адам), тазы (ит), бесті (ат), ғашық (жігіт), соқпақ (жол), сүр (ет) т.б. Бұл топтағы заттанулардың қалыптасуы тілдік ықшамдалу заңдылығының нәтижесінде болған. Алғашқы топтағы заттанулардан айырмашылығы – тілде әлі де зат есімдердің анықтауышы болып қолданылуында. Мысалы, ғашық жүрек, ғашық адам, сүр ет, сүр қазы т.б. 3) Алғашында өзі қатысты болған сөз таптарымен омонимдік қатар құрайтын заттанулар: жас, көк, кір, ару, ауру, жарық, қызық, суық, бай, тамаша, ыстық т.б. Бұл сөздер ішкі мағыналарының семантикалық жақтан дамуы негізінде заттық мағынаға ауысқан.

Уақытша заттанған сөздер де іштей жалпыхалықтық сипат алған заттанулар, мәтіндік немесе жағдаяттық (ситуациялық) заттанулар, жеке қолданыстағы (окказионалды) заттанулар деп топтастырылып, олардың ұқсастық, айырмашылық белгілері сараланды. Бұлар заттық мағынада жұмсалуы уақытша болуымен жақындасса, қолданылу аясы, тілде танылуы жағынан бір-бірінен ажыратылады. Жалпыхалықтық заттанулар тілде қолданылуы, таралуы жағынан мәтіндік және жеке қолданыстағы заттанулардан жоғары. Оларды заттық мағынада қолдану тілдік нормаға енген, осы тілде сөйлейтін, оны толық меңгерген жұртшылыққа бұл сөздің заттық мағынасы еш қиындықсыз танылады. Олардың заттық мәндерінің жалпыхалықтық сипат алуы тілде осы мағынада үздіксіз қолданылуымен, яғни қолданыс жиілігімен байланысты болған. Мысалы, Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без (Мақал). Жақсы ісімен жақсы (Мақал). Жалпыхалықтық заттануларға жалпылық, жинақтылық белгі тән болып келеді. Жалпыхалықтық заттанулар қарым-қатынас жасау қажеттілігінен туындайды. Жалпыхалықтық заттануларда сөздің негізгі семантикалық белгісі сақталады. Жалпыхалықтық заттанулардың заттық мағыналарын кез келген адам оңай таныса, мәтіндік заттанулардың заттық мағынасы жағдаятпен танысқанда ғана ашылады. Мысалы, Өз ойының шырынына тамсанған сабазың тәттісін жоғалтып алмауға тырысқандай, өзімен-өзі келеді (Т.Әлжантегі). Сол ащыдан қашпаған жағдайда ғана, алмағайып пен алаңғасарлықтың ара жігін ажырата аласың (Т.Әлжантегі). Осы мысалдардағы заттанған сындардың заттық мәнін мәтіннен хабары жоқ адам әр түрлі түсінуі мүмкін. Мәтінде: тәтті – тәтті ой; ащы ащы шындық. Тілде аталған сын есімдердің жалпыхалықтық сипатта заттанулары да кездеседі. Мысалы, Тәтті әкеліп, оны ұлынан тығып ұсынып жататын кемпірдің қылықтары әлі көз алдында (Т.Әлжантегі). Ащының дәмін татқан білер (Мақал). Бұнда: тәтті – кәмпит; ащы – ащы ас. Диссертациялық жұмыста қаламгердің сөз мағынасын құбылтуы таңдаған уәжімен байланыстырыла талданады.

Жеке авторлық қолданыстағы заттанулардың тілде қолданылу аясы өте тар. Қаламгердің стиль даралығын көрсететін өзіндік қолданысы болғандықтан, басқа авторда кездеспейді. Мысалы, Мен қажыған арықпын ... . (Абай). Жеке қолданыстағы заттанулар қаламгердің сөзді құбылтып қолдану шеберлігінен туындайды. Жеке қаламгер тілінен жасалған заттанудың тілде таралуы, қабылдануы, тұрақталуы жаңа жасалымның мазмұнына, уәжіне тікелей байланысты болып келеді. Оны жасаушы ретінде сол тілде сөйлеуші кез келген адам қатысуы мүмкін. Дара тұлға болмысы тудырған тілдік үлгі тілдік сана тетігі іске қосылғанда барып көпшіліктің қолданысына енеді.

Толық заттанулар арқылы тіліміздегі зат есімдердің лексикалық құрамы толығып, байып жатса, уақытша заттанулар арқылы тілдегі сөздердің стильдік қолданылу мүмкіншіліктері артып отырады.

Диссертацияның екінші бөлімі «Заттанған сындардың сөзжасамдық және функционалды-семантикалық өрісі» деп аталып, онда заттанған сындардан жасалған аталымдардың ішкі мағыналық құрылымы, заттанған сындардың функционалдық қызметі, семантикалық топтары баяндалады.

2.1 Заттанған аталымдардың ішкі мағыналық құрылымы.

Әлем тілдерінде, түркітанымда туынды сөзге қатысты теориялық жаңалықтар, негіздемелер сөзжасам тұрғысынан зерделеніп жүр. Оның теориялық негіздері уәждеме және аталым теориясында жатқанын Е.С.Кубрякова, Е.А.Земская, И.С.Улуханов, Л.Қ.Жаналина, Б.Қасым, А.Салқынбай т.б. зерттеу жұмыстарында нақтыланды. Аталым саласы – тілдік элементтердің таңбаланушы нысанмен бірігуін зерттейтін атаулану үдерісі. Аталымның зерттеу нысаны ретінде жеке ұғым, зат, сапа белгілері алынады. Б.Қасым: «Аталым – шындық болмыстың белгілі бір бөлшектерін атауға және белгілеуге қабілетті тілдік бірліктердің қалыптасу, жасалу үрдісінің нәтижесі» [6, 183 б.] дей отырып, аталым жасаудағы сөздің ішкі мағыналық құрылымының қызметін анықтап береді. Сөздің ішкі мағыналық құрылымы атаудың мағыналық құрылымын түзеді. Ішкі құрылым алғашқы бейне болғандықтан, онда ұғымның негізі жатады, ол ойға бағыт беріп, өзек мағынаның әрі қарай дамуына мүмкіндік жасайды. «Ішкі құрылым – атауды құрастырушы сыңарлардың өзара байланысын сақтайтын тұтас, жүйелі ерекшелігін көрсететін тілдік құбылыс. Сол арқылы ғана атаудың тұтастығы түсініледі. Ал уәждеме үдерісінің қатысуымен ішкі мағыналық құрылымның негізінде атау қалыптасады. Ішкі құрылым – атаудың міндетті семантикалық ерекшелігі» [6, 136 б.]. Заттанған сындар ішкі мағыналық құрылымы жағынан алуан түрлі болып келеді. Олар бірде ішкі мағынаның кеңеюі негізінде, енді бірде мағынаның тарылуы арқылы, келесіде тілдік ықшамдалу үдерістерінің ықпалымен, кейде басқа тілден енген сөздердің мағыналық өзгеріске түсуінен жаңа лексикалық бірлік ретінде танылып жатады.

Тіл дамуының, жетілуінің бір көрсеткіші болып табылатын тілдік ықшамдау, үнемдеу заңдылығы – кез келген тілде бар құбылыс. Аталым үдерісінде сөзжасамдық құралдар арқылы сөз оралымдарын ықшамдап беру қазақ тілінің негізгі табиғи заңды құбылыстарының бірі болса, ол сын негізді аталымдардың жасалуында да елеулі орын алады. Ықшамдалу сын негізді аталымдардың табиғатына тән негізгі заңдылық ретінде танылады, өйткені ықшамдалу үдерісінің нәтижесінде заттанған сындар тілде мол. Сын есім-зат есім тіркесіндегі зат есімнің ықшамдалуы нәтижесінде тілде жаңа аталым жасалады. Ықшамдалған зат есімнің мағынасы сын есімге бекиді де, сын есімнің номинативтік мағынасы көмескіленіп, не біржола жойылып, екінші заттық мағынасы белсенділік танытады. Тілде бір кезде сындық мәнде қолданылған сөз заттық мағынаға ауысып, жаңа аталым тілдік айналымға түседі. Бұл тілде бірден жүзеге аспай, кезеңдік даму сатыларынан өтеді. Қазіргі тілімізде зат есімдер қатарында танылып жүрген мына сөздерге назар аударалық: қарт, қате, үскірік, кетік, науқас, қарыз, аңызақ, қырсық, жетім, ұры, қалың , жау, тоқал, иттік, топан, төркін, туыс, тұсақ, кедей, бай, еттік, малай, жарық, соқпақ, сүр, тазы т.б. Бұл атаулар «сын есім-зат есім» тіркесіндегі зат есімнің ықшамдалып, оның мағынасының сын есімге көшуінен жасалған. Алғашқы тіркес ономасиологиялық негіз қызметінде жүрсе, ықшамдалу үдерісінің нәтижесінде пайда болған тілдік бірлік – атау: қарт адам, қате іс, үскірік аяз, кетік зат, науқас адам, қарыз нәрсе, аңызақ жел, қырсық іс, жетім бала, ұры адам, қалың мал, жау адам, тоқал әйел, иттік мінез, топан су, төркін жұрт, туыс адам, тұсақ қой, кедей адам, бай кісі, еттік ілгі, малай адам, жарық сәуле, соқпақ жол, сүр ет, тазы ит – ономасиологиялық негіздер, қарт, қате, үскірік, кетік, науқас, қарыз, аңызақ, қырсық, жетім, ұры, қалың, жау, тоқал, иттік, топан, төркін, туыс, тұсақ, кедей, бай, еттік, малай, жарық, соқпақ, сүр, тазы дегендер – атаулар. Ықшамдалып тұрған зат есімнің мағынасы өзін анықтап тұрған сын есімге жылысқан, анықтауыш қызметіндегі сын есімнің мағынасы кеңи түскен. Ол сындық мағынасына қосымша заттық та мағына беру қабілетіне ие болған. Біртіндеп сындық мағына көмескіленіп, оған үстелген екінші заттық мағына кеңінен таныла бастаған да, тілде зат есімнің ықшамдалуы нәтижесінде жоғарыдағыдай аталымдар жасалған. Адам ақыл-ойының әмбебап қасиеті оның алғашқыда сөз тіркесін толық формасында қабылдап барып ықшамдауында болып табылады. Адам оның толық дыбысталып болғаннан кейін барып, ықшамдалған формасын жасауға белсенділік танытады. Ғалымдардың пайымдауынша, ықшамдалу үдерісінің негізіне сөз тіркесінің қолданыс жиілігі мен ұқсату заңдылықтары алынады.

Сөздің ішкі мағыналық жағынан тарылуы да сын негізді аталымдардың жасалуында басты белгі ретінде танылады. Мысалы, ертедегі тілімізде ару ат, ару ұл, ару батыр сияқты тіркестердің қолданыста болғандығын, ару сөзі ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда «пәк, кіршіксіз, таза» деген сындық ұғымда және діни мәндегі «әулие, ие» деген мағыналарда қолданылғандығын, қазіргі тілімізде бұл сөздің мағынасының тарылып, «сұлу қыз, сүйікті әйел» деген мәндерде жұмсалып жүргендігін Р. Сыздық атайды [5, 13]. Кейін келе, ару сөзінің түптөркін мағынасы тарылып, ару сын негізді аталымының жасалуына әкелген. Тілде шал, бала, ағаттық, қыран, құлаш, көпшік тәрізді сөздердің де алғашқы мағыналары тарылып, екіншілік заттық мағыналары жаңа аталым ретінде бекіген. Мағынаның тарылуы арқылы жасалған заттанған сындарға жұмыста толық талдау жасалады.

Кейбір сөздердің мағынасының кеңеюі сын негізді аталымдардың жасалуына түрткі болады. Бұған тілдегі ақ, көк, қызыл, салқын, ыстық, суық, бай, жарық, кір, қышқыл, орташа, шала, тамаша, жансыз, қызық тәрізді сөздердің мағыналық жағынан дамып, заттанған аталымдардың жасалуы дәлел бола алады. Мысалы, жарық сын негізді аталымының жасалуына уәж – күн сәулесінің қараңғылыққа қарсы жарық нұры. Одан әрі мағыналық дамудың нәтижесінде оның «шам, электр жүйесі» деген мағынасы қалыптасқан. Сөздің мағыналық дамуында тілдегі бұрыннан бар сөздердің мағыналарын пайдалану арқылы тілде жаңа қызметте номинативтік бірліктер қалыптасады. Жаңа мағына мен сөздің алдыңғы мағынасының арасында міндетті байланыс бар және ол оның прототипі ретінде қатыса отырып, семантикалық инновацияның уәждеуші негізі қызметін атқарады. Жаңа мағына мен алдыңғы мағынаның арасындағы байланыс мағыналық уәжділіктің негізінде жүзеге асады.

Қазақ тілінде басқа тілден енген сөздердің де тілде жаңа аталымның жасалуына түрткі болып жататын кездері бар. Бұл мәселе сын негізді аталымдардың жасалуына да қатысты. Бұған тілдегі бейшара, арамза, нөсер, тақыр, дос, дұшпан, пәле, мәстек, ғашық тәрізді аталымдарды жатқызуға болады. Мысалы, нөсер – шелектеп құятын өткінші жаңбыр. Ә.Нұрмағамбетов сөз төркіні монғол тілінен келгендігін, оның ол тілде «қиын, ауыр» деген мағыналарда қолданылатынын айтады [7, 218]. Осыдан келіп тілде монғол тіліндегі сындық мағынаның негізінде алғашқыда нөсер жаңбыр (қиын жаңбыр) тіркесі пайда болған. Кейінгі кезеңдерде нөсер жеке тұрып, жауынның күштілігін аңғартарлық ұғымның аталымына айналған. Тілдегі сын негізді аталымдардың біразы басқа тілден енген сындардың заттық мағынаға ауысуынан жасалған. Бұл тәрізді сөздердің түпмағыналары этимологиялық талдау барысында анықталады. Диссертацияда бұл мәселе тереңірек қарастырылады. Сонымен қатар бұл тараушада түбір, туынды сын есімдерден жасалған аталымдардың, күрделі тұлғалы заттанған сындардың уәжділік негіздері, ішкі мағыналық құрылымдары талданады.

2.2 Заттанған сындардың функционалдық қызметі. Тараушада аталым деңгейіне жетпеген жалпыхалықтық, мәтіндік (контекстік) заттанулардың жасалу жолдары, түрлі функционалдық қызметтері, ішкі мағыналық өрістері тілдік деректер негізінде талдауға, саралауға түседі.

Тілдің табиғатын толық ашу үшін оны сипаттап, жүйелеп беру жеткіліксіз. Сондықтан да соңғы жылдарда тілдің әрекет ету, жұмсалу жолдарын қарастыратын функционалдық бағыттағы зерттеулер жүргізілуде. Бұнда функционалды грамматика тілдің өзін емес, сөйлеуді зерттеу нысаны етіп алады да, оны адамның ойлау әрекетімен, аялық білімімен байланыстыра қарастырады. Олай болса, функционалдық-семантикалық өріс заттанған сындардан алшақ жатқан категория емес.

Сын есімдердің белгілі бір қолданыста заттануына да ықшамдалу құбылысының ықпалы бар. Сын есім-зат есім тіркесіндегі зат есімнің ықшамдалуына бірнеше тілдік өзгерістер себеп болады. Атап айтар болсақ, мәтінде сөз болып отырған зат ұғымындағы, адам мағынасындағы сөздер, құбылыс атаулары алдыңғы сөйлемдерде айтылса, олар соңғы сөйлемдерде ықшамдалады немесе сын есім нақты бір заттың ғана қасиетін білдіретін болса, заттың атауы түсіріліп қолданылады да, оның мағынасы сын есімге көшеді т.б. Диссертацияда бұларға нақты тілдік деректер негізінде талдаулар жасалды.

Кейде сын есімдер белгілі бір стильдік мақсатты көздей отырып заттанады, бұл тұста ықшамдалу құбылысы байқалмайды. Қаламгер оқырман назарын сапаға, белгіге немесе кейіпкер бойындағы ерекшелікке аудару мақсатын көздейді де, мәтінде сын есім бірден заттанып қолданылады. Мысалы, Сен жырық қараның не деп кеткенін ұмыта қалдың ба? (Ғ.Мүсірепов).

Тілдегі кейбір сөздердің заттанып қолданылуы белгілі бір мәтіндік жағдаятпен тығыз бірлікте болады. Олардың заттық мәндері мәтіннен хабары жоқ адам үшін беймәлім. Заттанудың жасалуына себеп болатын мақсат, уәж синтаксистік тұтастық шеңберінде айқындалады.

Тілде ауызекі сөйлеу стилінде кездейсоқ заттанулар да жасалып жатады. Олардың жасалуында мақсатты уәж жоқ, экспрессивтік-эмоциялық реңк басым болады. Мысалы, Маған дәу келіп кетсін деп хабар жіберіпті (Т.Әлжантегі).

Тілдегі метафоралық, метонимиялық қолданыстар да мәтіндік заттанулардың жасалуына ықпал етеді. Мысалы, Шындасам, жығар асаумын (Айтыс). Қызыл сөз бен асты ойлап, Сумаң қызыл тынбайды (Жұмбақ). Метафоралы заттанулар уәжді бірліктер болып табылады. Бірақ олардың уәжділігі нақты нысандарға бірден бағыттайтын тура мағыналы заттанулардың мағына негізділігінен өзгеше. Қазақ тілінде кейбір сын есімдердің заттанып келіп, образдық-бейнелік мағынаны беретін мүмкіндіктері метафора мен метонимиялық құбылыстармен тікелей байланысты. Мысалы, Соқырға жан-тәнімен басын ұрып, Көздісін көшір қылып отқа жаққан (С.Торайғыров). Белгіленген сын есімдер номинативтік мағынасында заттанып тұрған жоқ. Оқымаған, қараңғы, көзі сау болғанымен, көкірегі соқыр адамды да «соқыр» деп ауыспалы мағынада қолдану – тілде дағдылы құбылыс. Осы сөйлемде заттанған соқырға сөзінің мағынасы мен «соқырға таяқ ұстатқандай» дегендегі заттанып қолданылған соқырға сөзінің мағынасы бір емес, екіншіде «көзі көрмейтін» деген номинативті мағына негізінде заттанған. Бұл заттанулар сырт қарағанда ұқсас болғанымен, беретін заттық мағыналары бірдей емес. Ауыспалы мағынада қолданылған сын есімдердің барлығы заттық мағынада бола бермейді, «соқыр сезім, соқыр махаббат» деген тіркестердегі соқыр сөзі де метафораланып қолданылған. Бірақ бұл жерде ешқандай заттық мағына жоқ. Жұмыста бұндай заттанулардың ерекшеліктері толық талданады.

Диссертациялық жұмыстың осы тараушасында сапалық және қатыстық сын есімдердің заттану ерекшеліктері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары, ішкі мағыналық реңктері талданады.

Сапалық сын есімдердің кейбірі заттану барысында аталым дәрежесіне жетпегенімен, олардың заттық мағынада қолданылулары жалпыға танылып кеткендіктен, сындық мағыналарымен қатар заттық мағыналарын да қабылдау тілдегі үйреншікті құбылысқа айналған. Оған үлкен, кіші, жақсы, жаман, жаяу, жат, соқыр, саңырау тәрізді сөздердің заттық мәнде жиі қолданылуы жатады. Бұл сөздердің заттық мағыналарының көпшілікке кеңінен танылуының негізгі себебі: аталған сипаттағы сапалық сын есімдерді заттық мағынада бірнеше рет қайталап қолдану оған кейінгі мағынаны тұрақтандырған. Сөйтіп, оның осы екінші мағынасының танылуына қолданыс жиілігі жағдай туғызады, бірақ аталған сөздердің бұл мағынасы жалпы көпшілікке танылғанымен, алғашқы мағынасынан толық қол үзбегендіктен, аталым ретінде танылмайды. Бұлар белгілі бір заттың атауы боларлық дәрежеге дейін заттанған жоқ, оларды заттанғанға дейінгі негізгі мағыналарында да (үлкен кісі, жат адам, соқыр кісі, жаяу адам) қолдануға болады. Заттанған сын есімдер алғашқыдағы «сын есім + зат есім» тіркесінің мағынасын дәл бере алады және мағыналық жағынан ұқсас болуына орай, заттанған сын есім мен алғашқы тіркес (сын есім + зат есім) бір-біріне синоним бола алады. Мысалы: жақсы адамға – жақсыға, үлкен кісімен – үлкенмен, соқыр адамның – соқырдың, жат адамға – жатқа т.б.

Кез келген сапалық сын есім белгілі бір қолданыста заттық мағынаны бере алғанымен, олардың бұл мағыналарының тілде таралуы, танылуы бірдей деңгейде болмайды. Тілдегі кейбір сын есімдер белгілі бір мәтін төңірегінде ғана заттанып қолданылады да, сол мәтіннен тыс уақытта заттық мағыналары жойылады. Олардың заттық мағыналары сол мәтіннің бойында сақталады, осы мәтін үшін тұрақты болып саналады, бірақ бұған қарап оларды жалпыхалықтық сипаттағы заттану деп тануға болмайды. Өйткені оның заттық мағынасын сол мәтінмен танысып отырған адам ғана қабылдайды, ал жалпы көпшілікке ол мағына танымал емес. Олай болса, заттанып отырған сын есім мен мәтін аралығында тығыз бірлік бар. Жұмыста осы мәселе жан-жақты талданады.

Сапалық сын есімдер заттанғанда, жалпы сапаны білдірмей, осы сапаға, қасиетке ие нақты бір зат атауын ғана (көбінесе адамды) білдіретіндігі анық болып отыр. Сын есім заттанғанда өзі анықтай алатын бірнеше зат есімнің біреуінің ғана заттық мағынасын беретіндігі, соған сәйкес заттанған сөздің (субстантив) мағынасы нақты мәнге ие болатындығы байқалады. Мысалы, жақсы сөзі бірнеше заттың қасиетін білдіре алады, бірақ заттанғанда бір ғана заттық мәнде қолданылады.

Тілдегі заттанған сын есімдердің басым көпшілігі адамға қатысты қолданылады. Бұл тек қазақ тіліне ғана тән ерекшелік емес, тіл атаулының барлығына да ортақ ерекшелік. Сапалық сын есімдердің ішінде көбіне адамға қатысты заттанып қолданылатын біраз сөздер бар. Мысалы: үлкен, кіші, жақсы, жаман, жалқау, нашар, жат, жақын, арам, аш, тоқ, жалғыз, тентек, жуан, семіз, тапал, ұзын, қысқа, қара, ақсақ, таз, мылқау, момын, өлі, тірі, сараң, ақымақ, қорқақ т.б. Аталған сын есімдер заттанғанда, түрлі сапа, белгілерді, адам бойындағы жетістік, кемшіліктерді ғана көрсетпейді, сол қасиет-белгілерге ие болып тұрған адам мәнін қоса береді. Жұмыста заттанған сын есімдердің осы қыры да нақты тілдік деректер арқылы сипатталады.

Бір сын есім сөздің өзі заттанғанда, іштей түрлі мағыналық реңктерге ие болады, бір сөздің бірнеше мағынада заттануы тілге жат емес. Мысалы: Үлкендер бала мінезіне бір күліп, бір таңданып сүйсініп қалды (М.Әуезов).

Заттанып қолданылған үлкендер сөзі жалпы «жасы үлкен кісі» деген мағынадағы неғұрлым кең түсінікті білдірсе, келесі мысалда бұл сөздің заттық мағынасы жалпылама ұғымда қолданылмай, нақтылана түскен: Үлкендер тегі көпшілік құлақтанбасын деп, бүркеп ұстаған болу керек (М.Әуезов).

Осы сөйлемдегі заттанған үлкендер сөзі алғашқы мысалда беріп тұрған барлық жасы үлкен адам деген жалпы мағынасын сәл нақтылап, «ел басқаратын әкімшілік қызметтегі жекелеген үлкен адамдар» деген ұғымды білдіреді. Сол сияқты, аталған сын есім «бір елдің, рудың ғана атақты, сыйлы, басты үлкен адамы» деген мағыналық реңкте де заттанып қолданылады. Мысалы: Бұл рудың үлкендері осы түнде қырық-елудей жігіт-желеңді қастарына алып, өліктің артын күтетін қамға кірісті (М.Әуезов).

Жұмыста осы тәріздес түрлі мағыналық реңктерде заттанған сөздерге талдаулар жасалып, олардың бұл қолданыстық мағыналары ұлттық таныммен, экспрессивтік, эмоционалдық ерекшеліктермен байланыстырыла түсіндіріледі. Тілдегі бірнеше мағынада заттанған сындардың заттық мағыналары бірде жалпыхалықтық сипатта келсе, енді бірде жеке авторлық қолданыс аясында ғана анықталады. Бір сын есім сөздің бірнеше заттық мағынаны бойына жинақтауы сын есімнің функционалдық қызметімен байланысты болып табылады. Кейбір сындар ауыспалы мағынада келіп заттанады. Оған сын

есімдердің метафоралық, метонимиялық қолданыстары түрткі болады.

Заттың сыры мен сапасын, түрлі қасиет-белгілерін білдіретін сапалық сын есімдермен бірге заттануға өте бейім келетіндері – түр-түсті білдіретін сапалық сындар. Бұлар да заттанып, әр түрлі заттық мәндерде жұмсалады. Мәселен, қара, көк, қызыл, сары ала сын есімдерінің түрлі мағынада заттанулары кездессе, торы, жирен, күрең, шабдар сынды сын есімдер көбінесе жылқыға байланысты заттанып қолданылады. Жұмыста бұл сындардың заттануындағы ерекшеліктер толық талдауға түседі.

Қазақ тіліндегі бірталай сын есімдер өзінің антоним сыңарларымен қоса заттанып қолданылуға бейім тұрады. Бұндай антонимдес заттанулар мақал-мәтелдерде, нақыл сөздерде, жұмбақтарда көптеп кездеседі. Мысалы: Жақсы қиынды жеңер, жаман басын иер (Мақал). Үлкенді үйретсең, кіші өзі үйренеді (Мақал). Аштың ақылы болмас, тоқтың қайғысы болмас (Мақал). Мақал-мәтелдердің құрамында заттанып қолданылған антонимдес сын есімдердің басым бөлігі адамға қатысты болып келеді. Тілде антонимдес сын есімдер қосарлы тұлғада келіп те заттанады. Кейде авторлық жеке қолданыстарда тілде қалыптасқан, жалпыхалықтық сипат алған қос сөз сыңарларының орындары ауысып немесе басқа бір синоним сөзбен алмасып қолданылатындары да кездеседі. Қосарланып қолданылған антонимдес заттанулардың стильдік қызметі басым болады да, олардың заттық мағыналары тілде әбден орнығып қалады. Антонимдердің мәтінде жұптаса заттануы – сын есімнің заттануының ерекше бір белгісі болып табылады. Антонимдік бірліктің мұндай кең мағынаға ие болуының өзіндік сипаты бар. Олар мәтінде денотаттық мағынасын сақтай отырып заттануымен қатар, бір-бірімен жұптасу арқылы қосымша мәнге ие болып, белгілі бір сындық сапаны иемденуге қабілетті не қабілетсіз затты (адамды) салыстыра немесе топтастыра көрсетеді. Антонимдес заттанулардың экспрессивтік, эмоциялық бояуы да басым болып келеді.

Күрделі сын есім заттанулар қосарланған тұлғада ғана ұшыраспайды.Тілде үнемі зат есім сөзбен тіркесіп келіп, тұтас заттанып қолданылатын сын есімдер де бар. Мысалы, Аузы жаман елді былғар, аяғы жаман төрді былғар (Мақал). Жолдасы жақсы жауға алдырмайды (Мақал). Бұлардың заттануында да тілдік ықшамдалу үдерісінің ізі жатыр. «Аузы жаман» (өсекші адам), «қолы ұзын» (таныс-тамыры көп, өрісі кең адам) тәрізді фразеологизмдердің де заттық мәндері тілге кеңінен танылып кеткен. Демек, сапалық сындардың заттану мүмкіншілігінің мол екендігі, олардың түрлі мағыналық реңктерде келіп заттана алатындығы байқалады.

Тілде сапалық сын есімдермен қатар қатыстық сын есімдердің де заттанып қолданылуы жиі кездеседі. Қатыстық сын есімдер өздері жасалған түбір сөздің мағынасымен және өздерінің қатысы бар белгілі бір жанды-жансыз затпен байланыста болғандықтан, олар заттануға бейім тұрады. Қатыстық сын есімдердің заттануында жалпыхалықтық сипат алғандармен қатар мәтіндік, жеке қолданымдық (индивидуалдық) түрлері де кездеседі. Қатыстық сын есімдер басқа сөз таптарынан сөзжасамдық жұрнақтар арқылы жасалатыны белгілі. Осы орайда, -лы, -сыз, -лас жұрнақты қатыстық сын есімдердің заттануға бейімділіктері байқалады. -лы, -сыз мағынасы жағынан антонимдес жұрнақтар болғандықтан, осы тұлғада заттанған қатыстық сын есімдер көбіне антонимдік жұпта жұмсалады. Мысалы, Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол (Мақал). Ұқыптының тоны тозбайды, ұқыпсыздың жұмысы оңбайды (Мақал). Бұл сөйлемдердегі заттанған қатыстық сындар жалпыхалықтық заттанулар болып танылса, мына келесі сөйлемдегі қатыстық сын есімнің заттық мәні мәтінге байлаулы. Мысалы, Мазасыздан арыла алмай ұзақ отырды (К.Ахметов). Сөйлемдегі мазасызданмазасыз ойдан деген ұғымда қолданылғандығы мәтін аясында ғана анықталады.

Тілде қатыстық сын есімдерден жасалған аталымдар жеткілікті. Олар сол туынды тұлғасында тұрып, сындық мағынасынан ауытқып, заттық мағынаға көшкен. Қатыстық сын есімдердің заттануына да тілдегі ықшамдалу құбылысының ықпалы болғандығы аңғарылады. Мысалы, күздіккүздік соғым; түстік түстік ас; иттік иттік мінез т.б.

Жинақталған тілдік деректерді саралау барысында қатыстық сын есімдердің сапалық сын есімдер тәрізді белгілі бір қолданыста ауыспалы мағынада тұрып заттанатындары да байқалды. Мысалы: Кей байлар елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаған соң, кеселді қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нәрсесі жоқ, еріксіз кім болса соған жеміт болып жүр (Абай). Қатыстық сын есімдердің күрделі тұлғада тұрып заттанулары да тілге жат емес, олардың ішінде қосарланған қатыстық сын есімдердің заттануы жиі кездеседі. Мысалы, Ағалы-інілілердің арасындағы шиеленіс ұзаққа созылды (Ж.Сармурзин). Қатыстық сын есімдердің қосарланған тұлғада заттануында заттық ұғым мәтіннен тыс та айқын байқалып тұрады. Оның себебі қатыстық сын есімдердің өзі зат есімдерден жасалып тұрғандығында болса керек. Біріккен тұлғадағы қатыстық сын есімдердің заттанып қолданылуы сирек те болса тілде бар. Мысалы: Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол (Абай). Кейбір қатыстық күрделі заттанулар терминдік сипат алып отыр. Мысалы, аша тұяқтылар, қос мекенділер т.б. Ғылыми еңбектерде бұлар орыс тілінің ықпалымен кеңес дәуірінде тілде қалыптасқан аталымдар ретінде беріледі.

Заттанған қатыстық сын есімдерді заттанған сапалық сын есімдермен салыстыра келе, мынадай ерекшеліктер байқалды:

1) Сапалық сын есімдер заттанып, жанды-жансыз түрлі заттың атауы ретінде жұмсала беретін болса, заттанған қатыстық сын есімдер негізінен адам мәнінде қолданылады (өнерлі, атты, білімді, дәмдес, арманды т.б.).

2) Қатыстық сын есімдердің қатысуымен жасалған тұрақты тіркестердің заттық мағынада қолданылатындары тілде сирек болса да, кездесіп отырады. Мысалы, Жаны тәттілердің атын аударып аламыз, қамшы береміз (Ж.Аймауытов).

3) Тілде қатыстық сын есімдердің қолданыста уақытша заттанып келуі сапалық сын есімдерге қарағанда аз. Ал, қатыстық сындардың заттануы арқылы жасалған аталымдар тілде молынан ұшырасады. Бұдан қатыстық сын есімдердің белгілі бір қолданыста уақытша заттануына қарағанда, толық заттанған түрінің тілімізде жиі кездесетіндігі байқалады.

Жалпы алғанда, қолданыстағы заттануларда бағалауыштық, прагматикалық сипаттар негізге алынады. Прагматикалық мақсатта экспрессиялығымен ерекшеленетін заттанулар қолданыста жиі кездеседі.
1   2   3   4   5

Похожие:

Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconКаталог элективных дисциплин специальности 5В050900 «Финансы»
Материалдық және рухани мәдениет элементтерiнiң өзара байланысы. Тiлдiң, жазбаның, өнердiң, ғылымның қалыптасуы. Қазақстан мәдениетiнiң...
Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconКелісілді федоров ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы М. Б. Қойшығұловқа 2009 ж бекітемін
Р конституциясын басшылыққа алып, өз жұмысын жүзеге асыратын болады. Кітапхана жұмысының басты мақсаты – бұл оқырмандардың тарихқа,...
Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconБәсекенің бәсі артпақ М. Шығаева, академик
...
Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconКіріспе Зерттеу жұмысының көкейкестілігі
Республикасы гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында. Міне, мынадай мақсатқа жету білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-...
Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconӘдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулардың; әдістемелік ұсыныстардың; әдістемелік нұсқаулардың титул парағы
Жол қозғалысы туралы жүйелік түсінік. «жүргізуші-автокөлік-жол-қозғалыс ортасы» кешені. Жол қозғалысын ұйымдастыру мен қауіпсіздігі...
Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconҒылым мен білімнің дамуы өткізген тарих пәні мұғалімі: Мансурова Қ. Б
Білімділік: X-XII ғасырларда ғылымның дамуын, көрнекті ғылымдар жайлы кеңінен мағлұматтар бере отырып, олардың еңбектерінің тарихы...
Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconҚазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдарының қаржы есебін ұсыну ережелеріне 2-қосымша
Жалғасқан қызмет кезеңі ішіндегі пайда (залал) (30 жол + 40 жол + 50 жол 60 жол 70 жол 80 жол 90 жол + /-100 жол)
Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconКiрiспе зерттеу тақырыбының өзектілігі
Кейбiр жағдайларда, әсiресе, бюджеттiк несие мен банктiк несиелер экономикасы мәселесінде қаржының тұрақталған нысандарға берiлуi...
Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconТәрбие жұмысының жағдайын бақылау
Колледжде денсаулықты сақтау жұмысын ұйымдастыру мен денсаулық мәселерін зерттеу
Кіріспе зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазiргi кезеңде «тiл мен мәдениет, этнос» iconУспен ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
Успен ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің миссиясы – мәдениет саласында сапалы және қол жетімді қызметтер көрсету;...
Разместите кнопку на своём сайте:
kk.convdocs.org



База данных защищена авторским правом ©kk.convdocs.org 2012-2017
обратиться к администрации
kk.convdocs.org
Главная страница