Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi




Скачать 187.12 Kb.
НазваниеБекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi
Дата конвертации09.07.2013
Размер187.12 Kb.
ТипДокументы


Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Соты жалпы

отырысының

2011 жылғы «29» маусымдағы

№ 14 қаулысымен

БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi

1-тарау. Жалпы мәселелер

 

1-тармақ. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының  Конституциялық заңына сәйкес жалпы отырыс Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының органы болып табылады. Оның мәртебесі, құзыреті, отырыстарды өткізудің шарттары мен тәртібі, Жоғарғы Сот Төрағасының, жалпы отырыс хатшысының өкілеттілігі, жалпы отырысқа сұрақтарды дайындау рәсімі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңмен, «Сот жюриі туралы ережемен», «Судьялардың республикалық және облыстық тәртіптік-біліктілік алқасы туралы ережемен» және осы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентімен (бұдан әрі – Регламент) анықталады.
2-тармақ. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы:

1) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша тиісті сот алқасының сандық және дербес құрамын белгілейді;

2) сот практикасын зерделейді және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелігін іске асыруы кезіндегі заңдылықтың сақталуы мәселелерін қарайды;

3) нормативтік қаулылар қабылдайды, сот практикасы мәселелері бойынша түсініктемелер береді, және заңдарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

4) заңға сәйкес сот істерін қадағалау тәртібімен қарайды;

5) Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) басшысының, Сот жюриі төрағасының, Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасы төрағасының ақпаратын тыңдайды;

6) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда қорытынды береді;

7) облыстық соттардың төрағалары, облыстық соттардың сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметінің бос орындарына кандидатураларды талқылайды және тиісті қорытындылар шығарады;

8) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша жалпы отырыстың хатшысын және ғылыми-консультативтік кеңестің құрамын бекітеді, сондай-ақ жасырын дауыспен Сот жюриінің және Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының мүшелерін сайлайды;

9) сот төрелігін іске асыру бойынша төмен көрсеткіштері бар немесе сот істерін қарау кезінде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы мәселені талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиісті шешім шығарады;

10) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша Сот жюриінің және Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының мүшелерін босату туралы мәселені шешеді;

11) судья мантиясының нысаны мен сипаттамасын бекітеді;

12) заңмен белгіленген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тармақ. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы Жоғарғы Сот Төрағасы, сот алқаларының төрағалары және судьялары құрамында әрекет етеді және Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының кемінде үштен екісі болған жағдайда құқылы болады.

Жоғарғы Сот судьяларының жалпы саны деп жалпы отырыс өткізілетін күніне сәйкес келетін Жоғарғы Сот судьяларының тізімдік құрамы түсіндіріледі.

Нормативтік қаулыларды қабылдаған кезде жалпы отырысқа Конституциялық Кеңестің Төрағасы, Бас Прокурор, Әділет министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілі, ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері және басқа да тұлғалар шақырылады.
4-тармақ. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы жылына кемінде екі рет шақырылады. Кезектен тыс жалпы отырыс Жоғарғы Сот Төрағасының бастамасы бойынша шақырылады. Жалпы отырыстың нормативтік қаулыларды қабылдау бойынша жұмысы жарты жылдыққа жоспарланады. Жоспарға енгізілетін ұсыныстарды Жоғарғы Соттың Төрағасы, сот алқаларының төрағалары және судьялары, Бас Прокурор, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары бере алады.
5-тармақ. Жалпы отырыс Жоғарғы Сот Төрағасының төрағалық етуімен жүргізіледі.

Жалпы отырыстың барлық қаулыларына төрағалық етуші және жалпы отырыстың хатшысы қол қояды.

Жалпы отырыс қызметін қамтамасыз ету жүктелген уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесінің мемлекеттік қызметшілері ішінен белгіленген техникалық хатшы жалпы отырыстың хаттамасын жүргізеді.
6-тармақ. Жалпы отырыс хатшысының кворумның бар екендігі және жалпы отырыстың жұмысына шақырылған тұлғалардың қатысуы туралы баяндамасынан кейін отырысты ашу туралы мәселе шешіледі.
7-тармақ. Күн тәртібі, оған толықтырулар және жұмыс тәртібі Жоғарғы Соттың қатысып отырған судьяларының көпшілігінің ашық дауыс беруімен бекітіледі.
8-тармақ. Жалпы отырыс барысында төрағалық етуші:

отырыстың жалпы барысын басқарады, осы Регламенттің сақталуын бақылайды;

кезектілік тәртібімен, күн тәртібіне, осы Регламент талаптарына сәйкес немесе жалпы отырыс шешімімен белгіленген өзге де тәртіппен сөйлеу үшін сөз береді;

рәсімдік мәселелер бойынша кезектен тыс сөз береді;

әрбір ұсынысты келіп түсуіне қарай дауысқа салады;

ашық дауыс беруді және дауыстарды санауды ұйымдастырады, дауыс беру нәтижелерін жариялайды;

осы Регламенттің ережелері бұзылған жағдайда жалпы отырыстың қатысушыларына ескерту жасауға құқылы, ал қайта бұзу кезінде оларды сөз сөйлеуден айыра алады;

жалпы отырыс жұмысына кедергі келтіретін шақырылған адамдарды, оларға ескерткеннен кейін отырыс залынан шығартуға құқылы;

сот істерін қадағалау тәртібімен қарау кезінде сот отырысында төрағалық етушінің өкілеттігін жүзеге асырады.
9-тармақ. Жалпы отырыстың қаулылары, оның ішінде нормативтік қаулылар Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының құрамынан ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.

Жоғарғы Сот судьясының көпшілік мақұлдаған ұсынысы бойынша кадр және өзге де мәселелерді қарау кезінде дауыс беру жасырын өткізілуі мүмкін.
10-тармақ. Жалпы отырыстың рәсімдік мәселелер бойынша шешімдері жалпы отырысқа қатысушы Жоғарғы Сот судьяларының ашық дауыс беруі арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.

Күн тәртібін бекіту, жүргізу тәртібі туралы, үзіліс, отырысты кейінге қалдыру туралы, мәселелерді талқылау кезектілігі туралы, жарыссөздерді тоқтату туралы, сөз сөйлеу уақытын шектеу немесе ұзарту туралы, дауыс беру тәсілдері туралы, кворумды және дауыстарды қайта есептеуді растау туралы мәселелер рәсімдік болып табылады.
11-тармақ. Дауыс беруді бастаудың алдында төрағалық етуші дауысқа салуға қойылған ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың тұжырымдарын нақтылайды, өз ұсыныстарын кімдердің кері қайтартып алғанын нақтылайды, жалпы отырыс мүшелерінің дауыс беру тәсілі (жасырын немесе ашық) туралы пікірін анықтайды.
12-тармақ.  Дауыс беру кезінде Жоғарғы Сот Төрағасы, сот алқасының төрағасы және судьясы бір дауысқа ие болады және оны ұсынысты қолдау үшін немесе оған қарсы береді. Дауыс беруден қалыс қалуға ешкімнің құқығы жоқ. Дауыстар тең түскен жағдайда шешім қабылданбаған болып есептеледі.
13-тармақ. Жасырын дауыс беруді өткізу және оның нәтижелерін анықтау жағдайында жалпы отырыс көпшілік дауыспен құрамында кемінде Жоғарғы Соттың үш судьясынан тұратын есеп комиссиясын сайлайды. Есеп комиссиясы өзінің төрағасы мен хатшысын дербес сайлайды. Есеп комиссиясының құрамына кандидатуралары бос лауазымға немесе сайланатын органдар құрамына ұсынылған адамдар енгізілмейді. Есеп комиссиясын сайлау туралы жалпы отырыс хаттамалық шешім қабылдайды.
14-тармақ. Дауыс беру үшін қажетті ақпарат бар бюллетеньдер есеп комиссиясы белгілеген нысанда және санда шығарылады.
15-тармақ. Дауыс берудің уақыты мен орнын, оны жүргізудің тәртібін есеп комиссиясы белгілейді және оның төрағасы хабарлайды.
16-тармақ. Әрбір дауыс берушіге мемлекеттік және орыс тілдерінде толтырылған бір бюллетень беріледі. Кандидатуралар жөніндегі пікір «жақтап дауыс беремін» немесе «қарсы дауыс беремін» деген графаға тиісті кандидаттың тегінің тұсына белгі қою арқылы көрсетіледі. Дауыс беруші бюллетеньнің тілін өз қалауы бойынша таңдайды.
17-тармақ. Дауыс берушінің еркін анықтау мүмкін болмаған бюллетеньдер жарамсыз болып есептеледі. Егер бюллетеньде дауыс берушінің кейбір кандидаттарға қатысты epкі көрсетіліп, ал басқа кандидаттарға қатысты еркін анықтау мүмкін болмаса, онда дауысты санау кезінде «жақтап дауыс беремін» немесе «қарсы дауыс беремін» деген графадағы белгі тиісті кандидаттардың пайдасына немесе оған қарсы ескеріледі. Бюллетеньге қосымша жазылған тұлғалар дауыс берген және дауысты санаған кезде есепке алынбайды.
18-тармақ. Мөр басылған урна есеп комиссиясының барлық мүшелерінің қатысуымен ашылады. Есеп комиссиясы жасырын дауыс берудің нәтижелері туралы хаттама жасайды, оған есеп комиссиясының барлық мүшелері қол қояды. Есеп комиссиясы төрағасының баяндамасы бойынша жалпы отырыс ашық дауыспен есеп комиссиясының хаттамасын бекітеді. Жалпы отырыстың шешімі бойынша дауыс берудің нәтижелері бюллетеньдермен салыстырылып тексерілуі мүмкін.
19-тармақ. Жалпы отырыс қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жұмысты Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі ұйымдастырады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жалпы отырыс мәжілістерінде өздерінің қызметін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырады.
20-тармақ. Жалпы отырыстың жұмысына жағдай жасау, отырысқа ілеспе аударманы және оған материалдарды дайындау, мәжіліс залын техникалық қамтамасыз ету уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшелеріне жүктеледі.

 

2-тарау. Сот практикасын зерделеудің, нормативтік қаулыларды қабылдау жөніндегі жалпы отырысты дайындаудың және өткізудің тәртібi

 

21-тармақ. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 21-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы заңнаманы қолданудың сот практикасын зерттеу және қорытындылау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жалпы отырысында қарау үшін судьялардың тиісті құжаттарды дайындауын қамтамасыз етеді. Осы мақсатта сот практикасын зерттеу және қорытындылау тиісті сот алқасының ағымдағы жұмыс жоспарына және Жоғарғы Соттың жұмыс жоспарына енгізіледі.
22-тармақ. Жалпы отырыстың жұмыс жоспарына сәйкес баяндамашы судья уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесімен бірлесе отырып, сот практикасын қорытындылау үшін жалпы отырысты өткізгенге дейін 5 ай бұрын жергілікті соттардан істерді сұратады және ол өткенге дейін 3 ай бұрын нормативтік қаулының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі жобасын дайындайды.

Нормативтік қаулының мәтіні «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары, әдеби тіл мен заң терминологиясы нормалары сақтала отырып жазылады, сөздерді қысқартуға жол берілмейді. Тармақтың мәтіні басқа тармақтарда, сондай-ақ Жоғарғы Соттың бұрын қабылданған нормативтік қаулыларында қайталанып жазылмауға тиіс.

Нормативтік қаулы 25-30 тармақтан тұруға және оның мәтіні машинкамен басылған 10-15 парақ көлемінде жазылуға тиіс.
23-тармақ. Судья дайындаған қаулының жобасы он бес күн мерзім ішінде судьяларға таратылады және принципті ұстанымдар бойынша алқаның пікірін белгілеу үшін тиісті сот алқасында жалпы отырыс хатшысының қатысуымен талқыланады. Отырысты сот алқасының төрағасы өткізеді. Сонымен қатар, алқаның отырысына қандай да бір сот алқасына қатыстылығына қарамастан, шақырылған барлық судьялар қатысады. Сот қызметінің жалпы мәселелері бойынша барлық нормативтік қаулылардың жобалары сот алқаларында талқыланады, ал оған берілетін өзгерістер мен толықтырулар баяндамашы судьяға ұсынылады.

Сот алқасының төрағасы нормативтік қаулының дайындалған жобасы бойынша ғылыми-консультативтік кеңестің ғалымдары және Жоғарғы Сот судьялары арасынан оппоненттерді анықтайды. Жоба бойынша қорытындыны оппоненттер ғылыми-консультативтік кеңес өткізілгенге дейін жазбаша түрде ұсынады.
24-тармақ. Сот алқасының және судьялардың ескертулері ескеріліп, сот алқасының төрағасы (төрағалары) және баяндамашы судья қолбелгі қойған, нормативтік қаулы жобасының пысықталған нұсқасы мемлекеттік және орыс тілдерінде қағаз және электрондық нұсқада жалпы отырыс хатшысына тапсырылады.

Жалпы отырыстың хатшысы нормативтік қаулы жобасының нұсқасын алып, оны Жоғарғы Соттың судьяларына, Конституциялық Кеңестің Төрағасына, Бас Прокурорға, Әділет министріне, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, облыстық соттарға, Судьялар одағына, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелеріне және басқа да мүдделі тұлғалар мен ведомстволарға танысу және ескертулер мен ұсыныстарды беру үшін жалпы отырысқа дейін екі айдан кешіктірмей жібереді. Жоба Жоғарғы Сот Веб-сайтының «Жоғарғы Соттың жалпы отырысы» айдарында жарияланады.

Қажет болған жағдайда нормативтік қаулының жобасы мамандандырылған заң басылымдарында жариялы түрде талқылау үшін жариялануы мүмкін және оның апробациясы жергілікті соттарға барып жүргізіледі.




25-тармақ. Мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, азаматтар мен ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелерінен келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді баяндамашы судья уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесімен бірлесе отырып, қорытындылайды. Баяндамашы судьяның ұсынысы бойынша сот алқасының төрағасы жалпы отырыста осы мәселе қаралғанға дейін 30 күннен кешіктірмей ғылыми-консультативтік кеңестің отырысы өткізілетін күнді белгілейді. Жалпы отырыстың хатшысы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелеріне отырыстың күні туралы, қажетті материалдарды ұсына отырып, қаралатын мәселелердің тізбесі және оны өткізу уақыты туралы хабарлайды. Ғылыми-консультативтік кеңестің отырысын тиісті сот алқасының төрағасы басқарады, оған жалпы отырыстың хатшысы, баяндамашы судья, ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері және басқа да мүдделі тұлғалар, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қатысады.

Ғылыми-консультативтік кеңесте қараудың қорытындылары бойынша баяндамашы судья уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесімен бірлесе отырып, нормативтік қаулы жобасының алдын ала нұсқасын дайындайды, ол тиісті сот алқасының талқылауына енгізіледі.

Жалпы отырыс хатшысы, басқа сот алқаларынан шақырылған судьялар қатысқан Жоғарғы Соттың сот алқасы нормативтік қаулының жобасы бойынша, сондай-ақ барлық келіп түскен ескертулер мен ұсыныстар бойынша өз ұстанымын анықтайды. Ерекше жағдайда жекелеген тармақтарды балама нұсқаларда жазуға болады. Нормативтік қаулы жобасының сот алқасының төрағасы және баяндамашы судья қол белгілерін қойған, пысықталған және түпкілікті нұсқасы мемлекеттік және орыс тілдерінде жалпы отырыста қаралғанға дейін 25 күннен кешіктірілмей жалпы отырыс хатшысына тапсырылады.

Жалпы отырыс хатшысы нормативтік қаулының жобасын Жоғарғы Соттың Төрағасына жалпы отырысқа дейін кемінде 20 күн бұрын баяндайды.
26-тармақ. Жалпы отырыстың хатшысы Жоғарғы Соттың Төрағасымен келісім бойынша жалпы отырыстың күн тәртібін құрады және оны өткізудің түпкілікті күнін жалпы отырысқа 15 күн қалғанға дейін анықтайды. Қаралатын мәселелер, өткізу күні мен орны көрсетілген күн тәртібіне Жоғарғы Сот Төрағасы және жалпы отырыстың хатшысы қол қояды.
27-тармақ. Нормативтік қаулыны жалпы отырыста талқылау мынадай түрде өтеді: судьяның баяндамасы, Жоғарғы Сот судьяларының, мүдделі мемлекеттік орган өкілінің, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелерінің сөз сөйлеулері. Талқыланып отырған мәселе бойынша Конституциялық Кеңес Төрағасының, Бас Прокурордың, Әділет министрінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі өкілінің және басқа да шақырылған адамдардың пікірі тыңдалады.
28-тармақ. Жалпы отырыста баяндама 15 минут шегінде жүргізіледі, қосалқы баяндама жасауға - 7 минутқа дейін, жарыссөзде сөз сөйлеушілерге - 5 минутқа дейін, кандидатураларды талқылау кезінде - 3 минутқа дейін, рәсімдік мәселелер жөнінде сөз сөйлеуге, анықтама беру мен сұрақ қою үшін - 2 минутқа дейін беріледі. Жарыссөздер тоқтатылғаннан кейін баяндамашы мен қосалқы баяндамашылардың 5-7 минут шегінде қорытынды сөз сөйлеуге және сұрақтарға жауаптар беруге құқығы бар.

Қажеттілік болған жағдайда басқа уақыт белгіленуі мүмкін.

Баяндаманың және сөйлеген сөздердің мәтіндері жалпы отырыстың хаттамасына қоса тіркеу үшін техникалық хатшыға беріледі.
29-тармақ. Нормативтік қаулыны қабылдау кезінде төрағалық етуші қаулының жобасының әрбір тармағын енгізілген түзетулерімен бірге, ал кейін толығымен жобаны дауыс беруге қояды. Егер толығымен жоба бойынша дауыс беру тәртібіне қарсылық болмаса, жалпы отырыс сондай тәртіппен дауыс беру туралы шешім қабылдай алады.
30-тармақ. Нормативтік қаулының жобасын пысықтау қажет болған жағдайда жалпы отырыста айтылған ескертулер мен ұсыныстарды есепке алу үшін редакциялық комиссия сайланады, ол 10-15 күн ішінде нормативтік қаулының келісілген мәтінін дайындайды. Редакциялық комиссияның құрамына жалпы отырыстың хатшысы, баяндамашы судья, Жоғарғы Соттың судьялары, ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері кіруі мүмкін. Сот алқасы төрағасының және баяндамашы судьяның қол белгілері қойылған нормативтік қаулының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі түпкілікті мәтіні жалпы отырыстың хатшысына беріледі.
31-тармақ. Нормативтік қаулының түпкілікті нұсқасын қабылдау жөніндегі жалпы отырысты белгілеу күнін жалпы отырыстың хатшысы Жоғарғы Сот Төрағасымен келіседі.

Жалпы отырыста тиісті сот алқасының төрағасы нормативтік қаулының жобасы жөнінде айтылған ұсыныстар бойынша істелген жұмыс туралы баяндайды және пысықталған нұсқаны қабылдауға ұсынады.

Нормативтік қаулы Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының ашық дауыс беруімен көпшілік дауыспен қабылданады.
32-тармақ. Заң техникасымен, заңнамамен, грамматика ережелерімен сәйкес келтіру үшін нормативтік қаулының жобасын жалпы отырыстың хатшысы, баяндамашы судья, ал мемлекеттік тілдегі мәтінді баяндамашы судья мен уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесі пысықтайды.

Нормативтік қаулыны қабылдағаннан кейін 5 күннен кешіктірмей орындаушы баяндамашы судьяның, сот алқасы төрағасының және уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесі меңгерушісінің (мемлекеттік тілдегі мәтіндер үшін) қолбелгілері қойылған нормативтік қаулының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерін жалпы отырыстың хатшысына береді. Нормативтік қаулыда жалпы отырыстың оны түпкілікті қабылдаған күні көрсетіледі.

Жалпы отырыстың хатшысы қаулыға қол қояды және оны Жоғарғы Соттың Төрағасына береді.

Нормативтік қаулының қол қойылған мәтіндерін жалпы отырыстың хатшысы 10 күн ішінде мемлекеттік органдарға, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығына (РҚАО), сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымдары редакцияларына ресми жариялау үшін қағаз және электрондық нұсқада жібереді.
33-тармақ. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының уақытымен ресми жариялануын және жарияланған мәтіндердің қабылданған мәтіндермен сәйкес келуін бақылау жалпы отырыстың хатшысына және жалпы отырыстың қызметін қамтамасыз ету жүктелген уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесіне жүктеледі.
34-тармақ. Қабылдаған нормативтік қаулыны немесе оның жекелеген тармақтарын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша немесе жалпы отырыс құрамының 1/3 бөлігінің бастамасы бойынша, Конституцияға және заңдарға сәйкес келмеуі негіздері бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша жалпы отырыс қайта қарай алады.
35-тармақ. Сот практикасын зерделеу қорытындылары бойынша, нормативтік қаулыны қабылдау кезінде жалпы отырыс Қазақстан Республикасының Парламентіне заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы.
3-тарау. Сот істерін жалпы отырыстың қадағалау тәртібімен

қайта қарауы

 

36-тармақ. Жалпы отырыста қарау үшін келіп түскен іс Жоғарғы Сот Төрағасының бұрыштамасымен Жоғарғы Сот судьясына зерделеу үшін және қарауға дайындау үшін беріледі.
37-тармақ. Жалпы отырыстың қызметін қамтамасыз ету жүктелген уәкілетті органның тиісті құрылымдық бөлімшесі баяндамашы судьямен келісім бойынша Бас Прокурорға және тараптарға ұсынымның (наразылықтың) көшірмелерін жібере отырып, істі қарау күні, уақыты және орны туралы хабарлайды.
38-тармақ. Жалпы отырыста істі қарау Жоғарғы Сот Төрағасының немесе Бас Прокурордың жалпы отырыста істі қадағалау тәртібімен қайта қараудың себебі және негіздері туралы баяндамасынан басталады.

Аталған тұлғалардың баяндамасынан кейін баяндамашы судья істің нақты мән-жайын баяндайды.

Жоғарғы Сот судьялары қаралып жатқан іс бойынша сұрақтар қоюға және өздерінің пікірін айтуға құқылы.

Қажет болған жағдайда қарастырылып жатқан мәселенің мәні бойынша жалпы отырыста прокурордың, тараптардың және іске қатысушы өзге де тұлғалардың пікірі тыңдалуы мүмкін.

Сот актісінің күшін жою, оны өзгерту немесе күшінде қалдыру туралы жалпы отырыстың шешімі ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыс беруден ешкім қалыс қалуға құқылы емес.

Қадағалау тәртібімен сот істерін қарауға бұдан бұрын қатысқан Жоғары Сот судьялары жалпы отырыста осы істерді жаңадан қарау кезінде қатысады.
39-тармақ. Істі қарау нәтижелері бойынша жалпы отырыстың қаулысын баяндамашы судья бес күн мерзімде дайындайды, оған баяндамашы судья, тиісті сот алқасының төрағасы қолбелгі қояды және Жоғарғы Сот Төрағасы мен жалпы отырыс хатшысы қолдарын қояды және ол тараптарға жіберіледі.

 

4-тарау. Сот алқаларының құрамдарын бекіту, кандидатураларды сайлау, ұсыну, бекіту, ақпаратты тыңдау
40-тармақ. Жоғарғы Соттың сот алқаларының сандық және дербес құрамын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша жалпы отырыс ашық дауыс берумен бекітеді.

Жоғарғы Сот судьяларын бір сот алқасының құрамынан басқа сот алқасына ауыстыруды, сондай-ақ жаңадан сайланған судьяларды сот алқасының құрамына бекітуді Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша жалпы отырыс жүргізеді.
41-тармақ. Сот жюриінің дербес құрамы бойынша ұсыныстарды Жоғарғы Сот Төрағасы балама сайлауды қамтамасыз етуді ескере отырып енгізеді. Мұндай жағдайда дауыс беруге арналған тізімге Жоғарғы Сот судьяларының, жергілікті сот судьялары мен отставкадағы судьялардың кандидатуралары енгізіледі.

Жоғарғы Сот судьяларының көпшілік дауысын алған және бір реттегі басқа кандидаттарға қарағанда көп дауыс санын алған кандидаттар Сот жюриінің құрамына сайланды деп есептеледі. Әрбір дауыс беруші Сот жюриінің құрамына кандидаттың әрбіреуіне қатысты «жақтап дауыс беремін» немесе «қарсы дауыс беремін» деп өзінің пікірін білдіруге құқылы.

Сайланғандардан кейін дауыс саны бойынша келесі тұрған кандидат Сот жюриінің запастағы мүшесі болып есептеледі және Сот жюриі мүшесіне қарсылық білдіру немесе оның өздігінен бас тартуы, науқастануы, ұзақ іс-сапарда болуы және т.б. жағдайларда кворумның болмауына әкеп соқтырғанда, Сот жюриі мүшесінің міндеттерін атқарады.

Сот жюриінің Төрағасын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша Сот жюриінің құрамы өз мүшелерінің ішінен көпшілік дауыспен сайлайды. Сот жюриі өз мүшелерінің ішінен Сот жюриінің хатшысын сайлайды.
42-тармақ. Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының мүшелерін Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша жалпы отырыс сайлайды.

Егер Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының құрамына кандидаттар қажетті санынан көп ұсынылса, Жоғарғы Сот судьялары жалпы санының көпшілік дауысын олардың барлығысы бірдей ала алмаса, қайта сайлау ұйымдастырылады, оған басқа кандидаттарға қарағанда көп дауыс алған кандидаттар қатысады.
43-тармақ. Қайта дауыс бергенде Cyдьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының толық құрамын қалыптастыру үшін қажетті санда басқа кандидаттармен салыстырғанда көп дауыс алған кандидаттар сайланды деп есептеледі.
44-тармақ. Сот жюриінің, Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының құрамынан судьялар шыққан жағдайда шыққан мүшенің орнына қалған өкілеттік мерзіміне сайлау бойынша қосымша сайлау кезекті (кезектен тыс) жалпы отырыста осы Регламентте белгіленген рәсім бойынша өткізіледі.
45-тармақ. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша ашық дауыс беру арқылы жалпы отырыс хатшысы және ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері бекітіледі, Сот жюриінің және Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының төрағалары мен мүшелері өз міндеттерін орындаудан босатылады.
46-тармақ. Жалпы отырыс Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының, уәкілетті орган басшысының, Сот жюриінің және Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының қызметтері туралы ақпаратты жыл сайын тыңдайды.
47-тармақ. Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының, уәкілетті орган басшысының, Сот жюриі және Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасы төрағаларының ақпараты бойынша жалпы отырыс қаулыларының жобаларын тиісінше сот алқалары, уәкілетті орган, Сот жюриінің және Судьялардың республикалық тәртіптік-біліктілік алқасының төрағалары мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындайды және жалпы отырыс хатшысына отырыс басталғанға дейін 10 күн бұрын ұсынылады.
48-тармақ. Судьяның бос лауазымына кандидатураларды Жоғарғы Сот Төрағасы балама негізде ұсынады және оларды талқылау қызметке талапкердің сауалнамалық деректерін жариялаудан басталады. Әрбір кандидатура бойынша қорытындылар жасырын немесе ашық дауыс беру арқылы Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Кандидатуралар бойынша лауазымға ұсыну немесе лауазымға ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылданады. Бір лауазымға бірнеше адамдар ұсынылғанда олардың ішінен біреуін ұсыну құқығы Жоғарғы Сот Төрағасына тиесілі болады.
49-тармақ. Сот төрелігін іске асыру кезінде төмен көрсеткіштер көрсеткен немесе сот істерін қарау кезінде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген Жоғарғы Сот судьясына, облыстық және оған теңестірілген сот төрағасына қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы мәселені Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша жалпы отырыс талқылайды.

Талқылаудың нәтижелері бойынша жалпы отырыс Жоғарғы Сот судьясы, облыстық және оған теңестірілген сот төрағасы бойынша материалдарды Сот жюриіне беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санының құрамынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен шығарады.
50-тармақ. Судьяларды сайлау туралы, сондай-ақ оларға ұсынымдар беру туралы қаулылардың жобаларын мемлекеттік және орыс тілдерінде кадр қызметі дайындайды, оған оның басшысы қолбелгі қояды және жалпы отырыстың хатшысына тапсырады, ол құжаттарды Жоғарғы Сот Төрағасына қол қоюға ұсынады.



5-тарау. Қорытынды ережелер
51-тармақ. Регламент қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.

52-тармақ. Жалпы отырыстың Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар оның отырыстарында қабылданады және қаулымен ресімделеді.

53-тармақ. Осы Регламенттің ережелерін түсіндіруді жалпы отырыс жүзеге асырады.

 

 

__________________________________________________



Похожие:

Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi iconБекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының жанындағы Сот оқуы жөніндегі үйлестіру кеңес туралы ереже
Азақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының жанындағы Сот оқуы жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) Қазақстан...
Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi iconҚазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқалары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті
...
Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi iconҚазақстан республикасы жоғАРҒы сотының №12 нормативтік қаулысы
Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының кейбір қаулыларына және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларына өзгерістер және толықтырулар...
Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi icon1. Сот оқуы стратегиясының паспорты
Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институты,...
Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi iconҚазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы
Жариялылық принципін қамтамасыз ету, сот процестерінің ашықтығы мен анықтығы туралы процессуалдық заңдардың нормаларын соттардың...
Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi iconҚазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы
Мемлекеттік сатып алу туралы дауларды қарау кезінде сот практикасында туындаған мәселелерге байланысты, заңнаманы дұрыс әрі біркелкі...
Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi iconҚазақстан республикасы жоғАРҒы сотының №13 нормативтік қаулысы
Жеке айыптау жөніндегі қылмыстық істерді қарау кезінде заңдарды біркелкі және дұрыс қолдану мақсатында, сонымен қатар осыған байланысты...
Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi iconҚазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 тамыздағы №840
Республикасы уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесінің 6- тармағына сәйкес дайындалған заң жобасының тұжырымдамасы...
Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi icon«Жалған кәсіпкерлік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері жөнінде» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы №1 нормативтік қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Азақстан Республикасының жалған кәсіпкерлік туралы қолданыстағы заңнамасын дұрыс әрі біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы...
Бекітілген қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентi iconБерiк Бекжанов
Елбасының 2000 жылдың 1 қыркүйегiндегi “Қазақстан Республикасының сот жүйесiнiң тәуелсiздiгiн күшейту жөнiндегi шаралар туралы” Жарлығымен...
Разместите кнопку на своём сайте:
kk.convdocs.org



База данных защищена авторским правом ©kk.convdocs.org 2012-2017
обратиться к администрации
kk.convdocs.org
Главная страница