Еримбетова гафура хадимовна




Скачать 481.38 Kb.
НазваниеЕримбетова гафура хадимовна
страница1/5
Дата конвертации07.01.2013
Размер481.38 Kb.
ТипДиссертация
  1   2   3   4   5


ӘОЖ 373.1.02:37.035.6:82.09 Қолжазба құқығында

ЕРИМБЕТОВА ГАФУРА ХАДИМОВНА

Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру

13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика

және білім тарихы, этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
а в т о р е ф е р а т ы



Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орындалды


Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының докторы

Пірәлиев С.Ж.

Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының докторы

Иманбаева С.Т.
педагогика ғылымдарының кандидаты

Молдасан Қ.Ш.

Жетекші ұйым: Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Диссертация 2010 жылы «22» қыркүйекте сағат 10.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.05.01 диссертациялық кеңесінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, 2-қабат, мәжіліс залы).
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады. Мекен жайы: 050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30, 3-қабат.

Автореферат 2010 жылы «7» шілдеде таратылды.





Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы: Ә.Н.Көшербаева



КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Тәуелсіз мемлекетіміздің құрылуы - қазақ халқының талай ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресінің заңды нәтижесі. Қазіргі кезде халқымыздың даму тарихында мүлдем жаңа мазмұндағы саяси кезең басталды.

Тәуелсіздікке жеткізген жол даңғыл болған жоқ, ол ұлы белестерден, қиын-қыстау асулардан тұрды. Болашақ ұлттық мемлекеттің іргетасы осы тарихи кезеңдерде қаланған болатын, сондықтан да азаттық жолындағы қасиеттері де қасіретті күресте еңбегі ерен азаматтарымыздың артына қалдырған мол мұрасымен тарихын зерттеу қазіргі таңда зор маңызға ие болып отыр. “Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз”, - деп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев айтқандай, біздің алдымызда «бабаларының игі дәстүрін сақтайтын», «күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары» болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеттері жатыр.

Ата-бабамыздың тәрбиеге өте үлкен жауапкершілікпен қарағаны баршамызға аян. Өткен тарихымызға көз жүгіртіп қарасақ, қазақ халқындағы небір шешен, ақын, жыршы, зергер, сәулетші, қара қылды қақ жарған билер мен қазылардың атадан балаға мирас болған тәлімін көреміз. Кез келген халықтың тәрбие беру ісінде өзіне тән ерекшеліктері болатыны секілді, қазақ халқында да, сан ғасырлар бойы жас ұрпақты имандылық пен ізгілікке, адалдық пен әділеттілікке, қарапайымдылық пен мейірбандылыққа, ерлік пен батырлыққа тәрбиелеген ғұлама ғалымдары, шешендері мен билері, батырлары мен ақын-жыраулары болғаны баршаға мәлім.

Кемеңгер ойшыл бабаларымыз Қорқыт ата, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Махмұт Қашғари, Ахмет Жүйнеки, Сайф Сарай, Қадырғали Жалайри, Дулати, Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, т.б. ғұлама-ғалымдар өздерінің шығармаларында ел мен жер, Отанды сүю, ар-ождан, намысты қорғау, ғылым, білімді халық игілігіне жұмсау секілді ұлттық рухтың өзекті мәселелеріне ерекше мән беріп келсе, XV-XVIII ғ.ғ. өмір сүрген Асан қайғы, Жиенбет, Шалкиіз, Бұқар, Дулат сияқты жыраулар өздерінің өлең-жыр, толғауларымен елдік пен ерлікті, әділдік пен адалдықты, сақилық пен серілікті жалықпай насихаттаған. Ал Доспамбет, Ақтамберді, Махамбет сынды әрі батыр, әрі ақын-жыраулар «ел намысы – ер намысы» деп қарап, дұшпанға өткір тілді өлеңін де, алмас қылышын да жұмсай білді.

Ерлік сын сағатта танылады. Елін, жерін, шет ел шапқыншыларынан қорғауда, ерен ерлігі аңызға айналған, өлең-жыр, толғау-дастандарға арқау болған Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Қосай, Едіге, Қамбар, Абылай, Ағыбай, Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Баян, Наурызбай, Райымбек, Малайсары, Сұраншы, Саурық, Барақ, Сырым, Исатай сияқты батырлардың тәрбиешісі де – қазақ халқы. Жиырмасыншы ғасырдың Кеңес заманындағы әр түрлі соғыстардың батырлары Аманкелді Иманов, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов және тағы басқалардың ерен ерлік іс-қимылдары да өлең-жыр, дастанға айналып, оқушыларға патриоттық тәрбие берудің бірден-бір құралы болды. Осының бәрі халқымыздың атадан балаға ғасырлар бойы мұра болып жалғасып келе жатқан ерлік рухымен байланысты туындаған тәрбиенің дәстүрлі үлгі-өнегелік жемісі.

Оқушыларға патриоттық тәрбие беруде Ресейдің классик-педагогтары К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский үлкен үлес қосты. Олар өз еңбектерінде патриоттық тәрбиенің маңызды идеяларын қарастырып, бағыттарын көрсетті.

Советтік патриотизмді Н.П.Егоров қарастырса, Г.И.Щукина, Б.Т.Лихачев еңбектерінде патриотизмнің мән-мазмұнын қарастырады. Бүгінгі таңдағы патриоттық тәрбиенің міндеттері, мазмұны мен әдістері И.Ф.Харламовтың оқу құралында көрініс алған. Сонымен қатар, И.Е.Кравцев, М.А.Терентий, А.В.Русецкий оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеудің ғылыми-теориялық, әдістемесін өздерінің зерттеу жұмыстарында қарастырған.

Қазақстан халқының патриоттық көзқарасын қалыптастыруда терең ғылыми зерттеулер жүргізіліп, жаңа бағыттар іздестірудің үлкен маңызы болды. Осы тұрғыдан алғанда Отандық ғалымдардың еңбектерінің орны ерекше. Бұл туралы тарихшылар (М.Қ.Қозыбаев, М.Мұқанов), философтар (А.Айталы, Д.Раев, А.Қасабеков, Ж.Алтаев), психологтардың (Н.Елікбаев, Қ.Б.Жарықбаев, А.Темірбеков, С.Балаубаевтардың) еңбектерінде қарастырылды. Педагогика саласында зерттеулер жүргізген отандық ғалымдардың (С.Қалиев, С.Ұзақбаева, К.Құнантаева, Л.Ә.Байсерке, Е.Ө.Жұматаева, С.Т.Иманбаева, Р.А.Джанабаева) еңбектерінде патриоттыққа тәрбиелеудің тәлімдік маңызы туралы мәселелер қамтылған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жеткіншектерді патриоттыққа тәрбиелеу мәселелеріне байланысты әртүрлі бағыттарда (Д.С.Құсайынова, Ғ.Базарғалиев, Л.Сейдахметова, К.Т.Әбілғазиева, Р.Н.Кенжебаева, У.К.Санабаев, Б.Сүлейменова, Ж.Н.Қалиев, А.К.Калимолдаева, Н.А.Мұхамединова, А.Қ.Дүйсенбаев, Р.М.Рысбекова, Ж.Қасымбеков, А.Карпықбаева, т.б.) зерттеулер жүргізді. Зерттеуші-ғалымдар оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеу жұмыстарының мазмұнына, міндеттеріне, оны шешудегі әдіс-тәсілдеріне қатысты ұсыныстар береді.

Патриоттық тәрбие адамгершілік тәрбиенің негізгі құрамдас бөлігі ретінде А.А.Бейсенбаева, А.Н.Ілиясова, Р.К.Төлеубекова, Х.К.Жампейсова, А.Н.Көшербаева, Ш.Майғаранова, Г.Қ.Нұрғалиева т.б. еңбектерінде зерттелген.

Бауыржан Момышұлы - даңқты қолбасшы, КСРО-ның жоғарғы әскери академиясының профессоры, ұлтын сүйген патриот болуымен қатар, қазақ халқының ұлттық рухын қорғауда қаламды қару еткен қайраткер жазушы. Оның өнегелі өмір жолы, әскери портреті талай қаламгердің қаламымен өрнектелгені белгілі. Олардың ішінде әдеби көркем шығармалармен қатар естеліктер, ғылыми еңбектер де кездеседі. Бұл тақырыпқа А.Бек, А.Кривицкийден бастап, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Ш.Мұртаза, Е.Ысмайылов, Ә.Нұршайықов, Ш.Елеукенов, М.Мырзахметұлы, Б.Момышұлы (ұлы), З.Ахметова, М.Қалдыбаев т.б. ғалым-жазушылар қалам тербеп, батыр бейнесін сомдауда үлкен еңбек сіңірді.

Бауыржантанудың негізін салушы ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметұлының еңбегі осы салада жүргізіліп жатқан зерттеулерімен ерекшеленеді.

«Бауыржантану» саласын зерттеуде тарих ғылымының саласынан (М.Айтказина), әскери саладан (Л.Н.Бакаев, Қ.С.Мұхамедқалиев т.б.) және әдебиет ғылымының саласынан (Ғ.А.Орынханова, Ж.О.Иманалиев, Қ.Уразбаев т.б.) бірқатар ғалымдар зерттеулер жүргізді. Ал педагогика саласында зерттеуші Е.Жұматаеваның “Қазақстан майдангер жазушыларының шығармалары арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие беру” атты кандидаттық диссертациясында майдангер жазушылар: Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріповтердің еңбектері мен ерлік істерін бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне пайдаланудың жолдарын қарастырған.

Зерттеу барысында ғылыми әдебиеттерді, оқу-әдістемелік құралдарды жан-жақты талдау Бауыржан Момышұлы шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру мәселесінің жете зерттелмегендігін көрсетті.

Демек, Бауыржан Момышұлы шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудің қажеттілігі мен оның теориялық тұрғыдан жүйелі зерттелмеуі арасында; Бауыржан Момышұлы шығармаларының патриоттық тәрбиедегі мүмкіндіктері мен оларды мектепте жеткіліксіз пайдалану арасында; оларды мектеп практикасында кең көлемде пайдалану қажеттігі мен арнайы жасалған ғылыми-әдістемелік нұсқаулардың жоқтығы арасында қарама-қайшылық анық байқалады. Осы міндеттердің тиімді жолдарын іздестіру біздің зерттеу проблемамызды айқындауға және тақырыпты «Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру» деп таңдауымызға негіз болды.

Зерттеудің мақсаты Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беруді теориялық тұрғыда негіздеу және оның мазмұны мен әдістемесін жасау.

Зерттеудің объектісі – оқушылардың патриоттық тәрбиесі.

Зерттеудің пәні - Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру үдерісі.

Зерттеудің ғылыми болжамы – егер, жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудің теориялық негіздері айқындалса, Бауыржан Момышұлының шығармаларындағы патриоттық идеялары және олардың жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудегі мүмкіндіктері анықталса, жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудің моделі және оны жүзеге асырудың әдістемесі жасалып, оқу-тәрбие үдерісіне жүйелі, бірізділікпен ендірілсе, онда жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беруге мүмкіндіктер туындайды, өйткені, бұның бәрі, біріншіден, оқушылардың патриоттық мазмұндағы шығармаларға аялы көзқарасы мен қызығушылығын арттырады, екіншіден, ұлттық сана-сезімін, адами қасиеттерін қалыптастырады.

Зерттеудің міндеттері:

  1. Жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудің теориялық негіздерін айқындау;

  2. Бауыржан Момышұлының шығармаларындағы патриоттық идеяларын және олардың жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудегі мүмкіндіктерін анықтау;

  3. Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларының патриотизмінің қалыптасуы моделін жасау;

  4. Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру әдістемесін жасау және оны тәжірибелік-эксперимент жүзінде практикаға ендіру.

Зерттеудің жетекші идеясы: Бауыржан Момышұлының шығармалары – ұлттық патриотизмді, ұлттық сана–сезімді қалыптастырудың жетекші құралы.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері тұлға және оның дамуындағы әрекеттің рөлі туралы білімнің мәнін ашып көрсететін философиялық, психологиялық, педагогикалық тұжырымдамалар, қазақ халық педагогикасы материалдарын, соның ішінде Бауыржан Момышұлының шығармалары жоғары сынып оқушыларының патриоттық тәрбиесінің құралы ретінде пайдалану проблемасын зерттеуге деген тұлғалық-әрекеттік тәсіл құрайды.

Зерттеудің көздері болып Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми құжаттары (Заңдары, қаулы-қарарлары т.б.), Білім және ғылым министрлігінің ұлттық мәдени мұраны оқу-тәрбие процесіне ендіруге байланысты тұжырымдамалары мен бағдарламалары, оқу құжаттары, ғалымдардың (тарихшылар, этнографтар, философтар, әдебиетшілер, психологтар, педагогтар) еңбектері, мектептің оқу-тәрбие процесінің құжаттары, педагогика ғылымының озық тәжірибелері мен жетістіктері, сондай-ақ диссертанттың педагогикалық және зерттеушілік тәжірибесі саналады.

Зерттеудің әдістері: зерттеу проблемасы бойынша ғылыми әдебиеттерге (тарихи, философиялық, филологиялық, әлеуметтану, психологиялық, педагогикалық), оқу-тәрбие үдерісі құжаттарына талдау жасау, бақылау, әңгімелесу, сауалнамалар жүргізу, озық тәжірибелерді зерделеу, эксперимент жүргізу, алынған нәтижелерді математикалық тұрғыда өңдеу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәні.

  1. Жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудің теориялық негіздері айқындалды;

  2. Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы патриоттық идеялары және оның жоғары сынып оқушылар тәрбиесіндегі мүмкіндіктері анықталды;

  3. Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудің моделі жасалды, оған сәйкес компоненттері, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері анықталды;

  4. Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудің мазмұны мен әдістемесі жасалды және практикаға ендірілді.

Зерттеудің практикалық мәні: Зерттеудің негізгі қағидалары, «Б.Момышұлының тағылымы» арнайы курс бағдарламасы және сыныптан тыс патриоттық тәрбие жұмыстары бойынша жасалған іс-шаралар жоспары оқушылардың патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында мектеп практикасына енгізіледі. Ұсынылған әдістемелік нұсқаулар мектеп мұғалімдері мен сынып жетекшілеріне Бауыржан Момышұлының шығармалары арқылы жоғары сынып оқушыларын патриоттық тәрбие беруде көмек болады. Зерттеу нәтижелері мектептерде, мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында пайдаланылады.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

  1. Бауыржан Момышұлы шығармалары оқушылардың жалпы тәрбие жүйесінде жоғары сынып оқушыларын рухани-адамгершілік тұрғыда дамытуда негіз болумен ғана шектелмейді, ол патриотизмді қалыптастырудың ұтымды факторы болып табылады, өйткені ол әдеби бейнелер арқылы оқушыларды өз Отанының мүддесі үшін, үлгі боларлықтай жоғары деңгейде қызмет етуге баулиды, туған жерін, елін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін сүйе білуге, оларды келешек ұрпаққа жеткізе білуге үйретеді.

  2. Бауыржан Момышұлының шығармаларындағы патриоттық идеяларды сұрыптап, жіктемесін жасап, мазмұндық сипаттама беріліп, шығармадағы кейіпкерлердің тартымдылығын, ерлігін, жоғары патриоттық сезімдерін шынайы ашу оқушылардың патриотизмін қалыптастырудағы мүмкіндіктерін білдіреді.

  3. Бауыржан Момышұлы шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеудің моделі мотивациялық, мазмұндық-танымдық, іс-әрекеттік компоненттерінің бірлігін қамтиды және нақты өлшемдер мен көрсеткіштер арқылы сипатталады.

  4. Ғылыми тұрғыдан дәлелденген, тәжірибелік экспериментте тексерілген Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы патриоттық идеялар және жоғары сынып оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеудің мазмұны мен формалары, «Б.Момышұлы тағылымдары» арнайы курс бағдарламасы арқылы оларға патриоттық тәрбие беру үдерісін жетілдіруге ықпал жасайды.

Зерттеу кезеңдері. І кезеңде (2004-2005) Зерттеудің тақырыбы, мақсаты, нысаны, мәні, міндеттері айқындалып, Бауыржан Момышұлының ғылыми-педагогикалық мұралары қарастырылды. Тарихи мұрағат қорларымен қатар философиялық, психологиялық, тарихи-педагогикалық материалдар жинақталып, зерделенді.

ІІ кезеңде (2006-2008) Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде оқушыларға патриоттық тәрбие беру теориялық еңбектеріне жүйелі талдау жасалып, тәрбие мүмкіндіктері айқындалып, құрылымдық-мазмұндық нобайы құрылып, оған сипаттама берілді. Әдістемелік ұсыныстар берілді. «Бауыржан Момышұлы тағылымдары» атты арнайы курс бағдарламасы жасалды. Бағдарлама Түркістан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектебі мен М.Әбенова атындағы қазақ орта мектебі және Алматы қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясы мен Бауыржан Момышұлы атындағы №131 лицейінде тәжірибелік-эксперименттік сынақтан өткізілді.

ІІІ кезеңде (2009-2010) зерттеу материалдары жүйеге келтіріліп, тәжірибелік-эксперимент жұмысы сарапталып, қорытындылар мен тұжырымдар жасалынды. Арнайы курс бағдарламасы жарық көріп, пайдаланған әдебиеттер жүйеге келтіріліп, диссертация талапқа сай рәсімделді.
  1   2   3   4   5

Похожие:

Еримбетова гафура хадимовна iconОқытушы Еримбетова Гафура Хадимовна
«Бауыржан Момышұлының шығармалары негізінде жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру» кандидаттық диссертация
Еримбетова гафура хадимовна iconДень Второй. Выставка Гафура Кадырова «Небесные кони» Галерея «Азия»
Гафура Кадырова «Небесные кони». Здесь представлено около 30 работ знаменитого узбекского живописца, созданных в разные периоды его...
Разместите кнопку на своём сайте:
kk.convdocs.org



База данных защищена авторским правом ©kk.convdocs.org 2012-2019
обратиться к администрации
kk.convdocs.org
Главная страница